Ұлық мереке — Құрбан айттың құрметіне орай, Шу ауданы «Төле би» мешітінің бас имамы Талғат Кәрібайұлының ұйымдастыруымен өңірдің сыйлы ақсақалдарына арнап ақ дастархан жайылды.
Ұлттық нақышта ұйымдастырылған берекелі шарада қазақтың дәмді тағамдары ұсынылып, айт мерекесінің мән-маңызы мен сауабы жайында ғибратты уағыз-насихат айтылды. Кеш соңында дін қызметкерлері игі дәстүрімізді жаңғыртып, ел ағаларына иығына шапан жауып, ерекше құрмет көрсетті.
Төрде отырған қариялар аталы сөз айтып, елдің тыныштығы мен бірлігі үшін Құран бағыштап, ақ баталарын берді. Имамның бұл игі бастамасына дән риза болған ақсақалдар жүрекжарды жылы лебіздерін білдіріп, тарқасты.
Шу аудандық «Жәми» мешітінің баспасөз қызметі.



30 Мамыр 2026
13 Зуль-хиджа 1447

