Ұлық мереке — қасиетті Құрбан айт күндері Тараз қаласында кең ауқымды қайырымдылық шарасы өтіп жатыр. Мейірімділік пен бауырмалдықты ту еткен бұл игі іс аясында, шалынған құрбандық малдарының еті әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандар мен аз қамтылған отбасыларға үлестірілуде.
Ауқымды шараны ҚМДБ-ның «Зекет және қайырымдылық» қоры мен «Халал даму» ұйымы бірлесе қолға алды. Көмек алатын азаматтардың тізімі алдын ала нақтыланып, жүйелі түрде бекітілген. Қазіргі уақытта мал сою және етті үлестіру жұмыстары Исатай көшесі, бірінші 1Т мекенжайындағы арнайы қасапханада қызу жүріп жатыр.
Сауапты іске жұмылған мешіт еріктілері мұқтаж отбасылардың мерекелік сыбағасын үйді-үйге арнайы жеткізуде. Бұл, әсіресе, жүріп-тұруы қиын қарттар мен денсаулығы сыр берген жандар үшін үлкен қуаныш болды. Сонымен қатар, тұрғындардың аталған мекенжайға өздері келіп, үлестерін қолма-қол алуына да толық жағдай жасалған.
Ұйымдастырушылар Құрбан айт — жұртшылықты ізгілікке ұйытып, мұқтаж жандардың жүзіне қуаныш ұялататын мереке екенін атап өтті. Қасиетті күндері жасалған әрбір игі амал мен шалынған құрбандықтар қабыл болғай!
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі



28 Мамыр 2026
11 Зуль-хиджа 1447

