Уақып – сарқылмас сауап

Уақып – сарқылмас сауап

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

   Дінімізде  қайырымдылық жасау – сауапты іс. Сол қайырымдылықтың бір түрі уақып жайында сөз етпекпіз. Уақып дегеніміз не? "Уақып" сөзінің тілдік мағынасы "ұстау", "кедергі болу" деген мағынаны білдіреді. Ал енді шариғи мағынасына келер болсақ, белгілі бір мүлікті үздіксіз қайырымдылық жолына жұмсау деген мағынаны аңғартады. Үкімі сүннет болып табылады. Тағы да анықтап айтамыз, қандай да белгілі бір мүлікті немесе қаржыны Алланың разылығы үшін қайырымдылыққа арнап, оның игілігін қоғамның ортақ қажетіне тұрақты түрде жарату амалы. Уақып амалы - садақа жария, яғни тоқтамайтын сауап түрі.

            Уақып - нәрсені Алланың мүлкі есебінде санау. Яғни, уақып етілген нәрсе уақып етушінің мүлкінен шығып, Алланың мүлкіне айналады. Уақып етілген нәрседен келетін пайдалар белгілі орындарға (шәкірттерге, жолаушыларға, кембағалдарға, жол мен көпірлерге, медреселерге, кітапханаларға т.б.) сарып етіледі, жұмсалады және сауабы уақып етушіге жазылып тұрады, тіпті өмірден озғаннан кейін де жетіп тұрады. Уақып етілген нәрсе сатылмайды, тарту етілмейді әрі мұрагерлікке де мирас болмайды.

            Уақып - садақа емес, садақа дегеніміз, бір нәрсені жұмсау арқылы жүзеге асады. Уақып - мұсылман елдерінде мемлекет немесе кейбір тұлғалар тарапынан діни қажеттіліктерге қайырлы істер үшін бөлінген мүлік.

Құранда Алла Тағала: "Уа, иман келтіргендер! Маңдай терлеріңмен тапқан малдарыңды және біздің сендер үшін жерден шығарғандарымызды Алла жолында сарп етіңдер!", деп баяндайды. (Бақара" сүресі, 267 аят).

Адамзаттың асылы болған, Пайғамбарымыз с.ғ.с.да өзінің бір хадисінде:

 "Егер адам баласы бұл өмірден өтсе, бүкіл амалдары тоқтайды. Тек үш жағдайда ғана амал дәптері жазыла береді: жалғасып тұратын садақа, пайдаға асқан ілім және салиқалы ұрпақтың дұға-тілегі" дейді. (Мүслим риуаяты).

Хадистегі: "жалғасып тұратын садақа" деген сөз уақыптан басқа нәрсені меңзеп тұрған жоқ. Егер оның басқа да мағынасы болса уақып та сол мағыналардың ішіне кірер еді. Ислам ғұламалары «Ислам тарихындағы ең алғашқы уақып» деп, Хазреті Омардың р.ғ. өз иелігіндегі жерін Уақып' етуін санаған. Өйткені хазіреті Омар р.ғ. Хайбардағы жерін уақып еткеннен кейін көптеген сахабалар өздерінің мал-мүліктерін, бау-бақшаларын уақыпқа қоя бастаған. Аталмыш оқиғаның шығу тегіне зер салатын болсақ, ол былай орын алған; Бірде Омар ибн Хаттаб  р.ғ. Хайбар соғысында бір жерді иемденеді. Бір күні осы жер хақында кеңесу үшін ардақты Пайғамбарымызға с.ғ.с. келіп: "Уа, Алланың елшісі! Мен Хайбар соғысында бір жерді меншігіме алдым және ондай байлыққа бұған дейін ие болмадым. Бұл жер хақында маған қандай әмір бересіз?" деп сұрайды. Сол кезде Пайғамбарымыз с.ғ.с.: "Егер қаласаң ол жерді уақып қыл да одан түскен пайданы садақа етіп отыр", деп кеңес береді. Хазіреті Омар (р.а.а.) содан кейін ол жерді ешкімге сатылмайтын, мирасқа да берілмейтін етіп садақа етеді.

          Уақып амалы зекет амалына ұқсайды ма? Уақып зекет амалына ұқсамайды. Зекет парыз, ал уақып парыз емес. Жоғарыда айтып өткеніміздей, уақыптың үкімі- сүннет. Уақыптың нысап мөлшері бар, ал уақыпта жоқ.

Ислам ғалымдарының сөздеріне қарағанда, Зекет жылына бір рет берілсе, уақыптың мерзімі бекітілмеген. Адамның өз еркіндегі нәрсе болғандықтан, адам өзі қалағанынша уақып етеді. Зекетке берілетін ақшаны айналымға сала алмайсыз, бірден сегіз топтағы адамға таратып беруіңіз керек болады. Ал уақыпта қаржыны айналымға салуға болады. Мәселен, уақып еттім деп біреу он қой берсе, оны бірден таратып жібермей, қой санын көбейтіп, көбейгенін садақаға беруге болады.

           Қазіргі таңда елімізде уақып қоры арқылы біраз жұмыстар атқарылып жатыр. Мұны уақыптың пайдасы мен беріп жатқан өз нәтижесі деп түсінуімізге әбден болады.

           Құранда : "Өздерің жақсы көрген нәрселеріңнен жұмсамайынша, ізгілікке жете алмайсыңдар", деп баян етіледі. (Әли Ғымран, 92). Демек, игі істер - артық дүниеден емес, жүрекке жақын болған нәрседен берілгенде шынайы құнға ие болады.

          Жаратушымыз баршамызды Өзінің разылығына жеткізетін амалдармен көркейтуді нәсіп қылсын!

 

Үмбет Сабырханов

"Әл-Хақ" мешітінің имамы

Тұрар Рысқұлов ауданы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: