Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазірет жуырда өткен баспасөз маслихатында «Құрбан айт – тек діни мереке емес. Бұл – қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтатын, қайырымдылықты дәріптейтін рухани мейрам», – деді.
Расында да өмір болған соң, әртүрлі жағдайлар болады. «Бір анадан тумақ бар да, бірге жүрмек жоқ екен», деп шырқалғандай, өкпе-реніштің себебімен ағайыннан сәл-пәл алыстап қалатын кездер де болып тұрады. Алайда, «ағайынның азары болса да, безері жоқ», демекші, алыстап қайда барамыз?!
Аманыңда елжіреп, мақтайтын да ағайын,
Алыстамай айналып, жақтайтында ағайын.
Ауырыңды жеңіл ғып, жоқтайтын да ағайын,
Еркелетіп бетіңнен, қақпайтын да ағайын. – депті Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы.
Бір атадан тараған ағайынның татулығы біле білсеңіз Алланың өзі бұйырған іс. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Алладан қорқыңдар, туыстық байланысты үзуден сақтаныңдар. Күдіксіз, Алла сендерді бақылап тұрушы», («Ниса» сүресі, 1-аят) - деп бұйырады.
Әнас ибн Мәліктен жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болғай): «Кім ризық-несібесінің көбеуін және ғұмырының ұзақ болуын қаласа, ағайын-туыстық қарым-қатнасын күшейтсін» (Бұхари), - деген екен.
Демек, туыспен жақсы қарым-қатынас жасасақ, ризығымыз молайып, өміріміз ұзарады деген сөз. Ол бекер емес. Себебі халқымыз былай дейді: «Ағайын тату болса, ат көп деген, абысын тату болса, ас көп деген».
Ал туыстың қарым-қатынастың бұзылуы береке мен ырыстың кемуіне, тіпті абыройсыздыққа әкеліп соғады.
Жағалассаң жағаң кетер,
Жанжалдассаң - бағаң кетер,
Өш қуалассаң - бастағы бақ пен дәулетке сор,
Кек қуалассаң - арттағы ұрпақ пен әулетке сор. – деп Әбіш Кекілбаев жырлағандай, араздық жақсылық әкелмесі анық.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Ағайындық аршыға байланған. Аршы айтады: кім менімен туыстық байланыс жасаса, онда ол Алламен байланыс жасағаны. Ал кімде-кім менімен туыстық байланысты үзсе, онда ол Алламен байланысты үзгені» (Тирмизи), - деген.
Ортада не жағдай болса да, көптен бері бармай кеткен жақынымызға осы құрбан айттың қарсаңында барып, «айт құтты болсын», айтып, шаңырағына бас сұқсақ, мұндайда кез келген адам жұмсарып, жібісе керек. Сосын ең бірінші кешірім сұраған адамның Алланың алдындағы сауабы еселене түсетінін ұмытпайық.
Жақсы адамның ашуы шай орамал кепкенше,
Жаман адамның ашуы көрге басы жеткенше. – дегендей, арадағы өкпе-ренішті ұмытып, өзара бір-бірімізді кешіре білейік. Құрбан айтта тек мал ғана емес, сонымен қатар іштегі эгоны да құрбан ете білуіміз керек.
«Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле» деп қазақтың төбе биі – Төле би бабамыз айтқандай, бірлігі мол, ырысты елге айналайық, ағайын!
Қанат ЖҰМАҒҰЛ
Байзақ аудандық «Байзақ баба» мешітінің бас имамы


26 Мамыр 2026
9 Зуль-хиджа 1447

