Биыл қасиетті Құрбан айт мерекесі мамыр айының 27-сіне сәйкес келіп отыр. Бұл – мұсылман жұртшылығы асыға күтетін, жүректерге жылылық пен қуаныш сыйлайтын ұлық мейрамдардың бірі. Құрбан айт – тек құрбан шалу рәсімі ғана емес, ол адам баласын сабырлыққа, шүкіршілікке, бауырмалдыққа тәрбиелейтін үлкен рухани мереке. Бұл күндері мұсылман қауымы бір-біріне ізгі тілектер айтып, мұқтаж жандарға көмек қолын созып, Алла разылығы үшін игі амалдар жасауға ұмтылады.
Құрбандық шалу ғибадаты Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар заманынан бастау алады. Оның ұлы Жаратушыға деген шексіз мойынсұнуы мен ықыласы бүгінде күллі мұсылман қауымына үлгі болып келеді.
«Олардың (құрбандықтардың) еттері де, қандары да Аллаға ешқашан жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді...» («Хаж» сүресі, 37-аят).
Қасиетті Құрбан айттың алдында келетін Арапа күні мұсылмандар үшін ерекше сауапты күн саналады. Бұл күні жасалған дұға-тілектер қабыл болып, ораза ұстаған адамның күнәлары кешірілетіні хадистерде айтылған. Арапа – адам баласының өз-өзіне есеп беріп, жүрегін тазартып, рухани жаңаратын күні.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Арапа күнінің оразасы өткен және келер жылдың күнәларына кешірім болады», – деген хадис қалдырған.
Айт күні мұсылмандар таңертең ерте тұрып, ғұсыл құйынып, таза әрі әдемі киімдерін киіп, хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына барады. Бұл – мерекенің көркін арттырып, мұсылманның жан мен тән тазалығына мән беруінің белгісі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) айт күндерін қуаныш пен жақсылықтың мерекесі ретінде өткізуді өсиет еткен.
Құрбан айт – жүректерге иман нұрын сыйлайтын, адамдарды жақсылық пен мейірімге үндейтін қасиетті мереке. Бұл күндері жасалған әрбір қайырымды іс пен шынайы дұға адамның рухани тазалығына себеп болады. Құрбандық шалу арқылы мұсылман баласы Аллаға деген ықыласын білдіріп қана қоймай, қоғамдағы татулық пен бірлікті нығайтуға үлес қосады.
Алла Тағала барша мұсылман қауымының дұға-тілектерін қабыл етіп, елімізге амандық, жұртымызға тыныштық, әр шаңыраққа береке нәсіп етсін!
Ержан Көшкімбай
Мойынқұм ауданының бас имамы


20 Мамыр 2026
3 Зуль-хиджа 1447

