Арапа күні — ислам дініндегі ең қасиетті әрі берекелі күндердің бірі. Бұл күн Құрбан айт мерекесінің алдындағы, Зул-хижжа айының 9-күніне сәйкес келеді. Мұсылмандар үшін бұл күн рухани тазару, кешірім тілеу және Аллаға жақындаудың ерекше мүмкіндігі болып саналады.
Арапа күнінің ең үлкен ерекшелігі — қажылық парызын өтеп жатқан мұсылмандардың Арафат жотасында жиналып, күн батқанға дейін дұға жасап, истиғфар айтуы. Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.а.у): «Қажылық — Арафат» деп, бұл күннің қажылықтағы шешуші маңызын нақтылап көрсеткен. Арафаттағы тұру — қажылықтың негізгі тірегі, онсыз қажылық толық орындалмайды.
Қажылықта болмаған мұсылмандар үшін де Арапа күнінің сауабы өте зор. Бұл күні ораза ұстау үлкен ізгі амалдардың бірі саналады.
Хадистерде Арапа күні ұсталатын ораза өткен және келер жылдың күнәларына кешірім болатыны айтылған. Сондықтан мүміндер бұл күні ораза ұстап, уақыттарын құлшылықпен, зікірмен және дұғамен өткізеді.
Сонымен қатар Арапа күні — дұғалардың қабыл болу үміті мол күн. Мұсылмандар бұл күні өздері, отбасылары, ел-жұрты үшін тілек тілеп, Алладан жақсылық, береке және амандық сұрайды. Көпшілік ғалымдар бұл күнді «дұға қабыл болатын күн» деп сипаттаған.
Арапа күнінде жасалатын ізгі амалдардың қатарында садақа беру, жетім-жесірге көмектесу, туыстық байланысты нығайту, ата-анаға құрмет көрсету және ренішті кешіру секілді істер бар. Бұл амалдар адамның жүрегін жұмсартып, қоғамдағы бауырмалдықты арттырады.
Арапа күні — тек құлшылық қана емес, сонымен бірге адамды сабырлыққа, шүкіршілікке және рухани кемелдікке жетелейтін ерекше күн. Биыл арапа күні - 26 мамыр айына түсіп тұр. Осы күнді барынша пайдалы етіп, ізгі дұғамен, нәпіл оразамен, Алланы көп зікір етумен шұғылданған құба-құп амал болып табылады. Сондықтан әрбір мұсылман бұл күннің қадірін түсініп, оны бос өткізбеуге тырысқаны жөн.
Ахат Қайыпбергенұлы
"Әбдірашит ата" мешітінің имамы.


26 Мамыр 2026
9 Зуль-хиджа 1447

