Исламда жұмсақ мінезділіктің орны

Исламда жұмсақ мінезділіктің орны

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мінезі жұмсақ адам бойындағы ең асыл, баға жетпес мінездердің бірі. Мінезі жұмсақ адам кешірімді, байыпты, байсалды, ашуға бой алдырмайтын, сабырлы, парасатты, кішіпейіл, жанашыр, жылы жүзді, майда тілді келеді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзіне пайғамбарлық келгенге дейін де, одан кейін де ең жұмсақ мінезді жан еді. Құранда Алла тағала оның осы мінезін, һәм жақсы мінезге бай екендігін мақтап, Әли Ғымран сүресінің 159 аятында былайша баян еткен: “Алланың рақымдылығымен сен оларға жұмсақтық таныттың. Егер қатал жүректі болғаныңда, олар маңайыңнан тарап кетер еді”.

Сира кітаптарына қарағанда, адамзаттың асылы саналған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шаңырағындағы қызметшілеріне де барынша жұмсақмінезділік танытатын болған екен, әрі айтқанын істемесе не ұмытып кетсе, сыпайы түрде ғана себебін сұрады екен. Сахабаларымыздан Әнас ибн Малик (р.ғ.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл қасиетін былай деп еске алады: “Он жыл бойы Алла елшісінің (с.ғ.с.) қызметінде жүрдім. Сол он жылдың ішінде бір де бір рет мені сөккен емес, бір істі істемесем, “Қап, соны істеуің керек еді” деп, не болмаса “Бұны неге бұлай істедің?” деп қабақ шытқан емес” (Бұхари риуаяты).

            Алла тағала қатты азғындаған Перғауынды тура жолға шақыру үшін Мұса мен Харұн пайғамбарларды жұмсағанда да: “Барып оған жұмсақ сөз айтыңдар, мүмкін насихаттарыңа құлақ салар, бәлкім үрейленер” деп, жұмсақтықты негізге ала отырып майда тілділікпен, жылы-жылы сөз бастау керектігін үйреткен.

            Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірбаяны жазылған кітаптарда оның өте кішіпейіл, мейірімді әрі жұмсақмінезді жан болғандығының мысалдары өте көп. Сахабалардың айтуынша, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ең нашар кісінің өзін ерекше ілтипат, жылы жүз, жұмсақ тілімен демде баурап алатын болған екен. Мысалыға айтар болсақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Алла тағала барлық тіршілік иелеріне жақсы қарауды бұйырды. Олай болса, мал бауыздасаңыздар да оны қинамаңыздар. Малды бауыздарда пышақтарыңызды жақсылап қайрап, оны жұмсақ бауыздаңыздар” деп, тіпті мал бауыздағанда да жұмсақтық пен аяушылықты ұмытпауды ескертетін. (Муслим риуаяты)

     Абдулла ибн Аббастың риуаят етуінше, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Абдулқайс ұлдарынан Әшажға: “Сенде Алла сүйетін екі тамаша қасиет бар: ол жұмсақмінезділігің мен ұқыптылығың” деп, мұны Алла сүйетін ең керемет мінез екенін білдірген.

    Жалалиддин Мәулана Руми бірде намаз оқып жатқанда, үйіне қайыршы бас сұғыпты. Мәулананың намазға қатты беріліп кеткенін көрген қайыршы дереу бір кілемшені ұрлап шығып кетсе керек. Бұны байқап қалған көршісі ол ұрыны базарда әлгі кілемшені сатып жібермек болып тұрған жерінен ұстап алып, ұрып-соғып Мәуланаға алып келіпті. Сонда әлгі ұрының кейпіне жаны ашыған Мәулана “Алса, бәлкім, қажетсініп алған шығар, соған бола бұл байғұсты ұрып-соқпай, қолынан сатып-ақ ала салсаң болмас па еді”,- деп аяушылық танытады. Неткен мейірімділік! Неткен жұмсақтық десеңізші!

    Құрметті оқырман! Мақаламызды Шәкәрім бабамыздың “Әркез жақсы сөз сөйле, жақсы сөзің әдетіңе айналады, ал жақсы әдетің жақсы мінезіңе айналады, ал жақсы мінезің болса жақсы өміріңе айналады” деген сөзімен қорытындылағанды жөн санадық. Расында да жұмсақ сөйлеу, жылы жүзді болу адам мен адамды жақындастырып, достыққа, бауырластыққа шақыратыны сөзсіз.

Үмбет Сабырханов

“Әл-Хақ”  мешітінің имамы

Рысқұлов ауданы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: