Жамбыл облысы Байзақ ауданына қарасты Аққия ауылында игі іс жүзеге асып, Кеңбаевтар әулетінің демеушілігімен балаларға арналған ойын алаңшасы ел игілігіне берілді. Ауыл тұрғындарына қуаныш сыйлаған бұл бастама көпшілік тарапынан жылы қабылданып, сауапты істің жарқын үлгісіне айналды.
Айтулы шараға аудан бас имамы Қанат Әділханұлы қатысып, халықтың қуанышымен бөлісті. Салтанатты шара барысында ауыл ақсақалдары мен тұрғындар демеушілік танытқан әулетке алғыстарын білдіріп, жас ұрпақтың игілігіне жасалған әрбір іс – келешекке қалдырылған өнегелі мұра екенін атап өтті. Сонымен қатар, балалардың қауіпсіз әрі заманауи жағдайда ойнап, бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік жасалғаны айтылды.
Ислам дінінде уақып – үзілмейтін сауаптың бір түрі саналады. Хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ: «Адам баласы дүниеден өткен кезде үш нәрседен басқа барлық амалы тоқтайды: садақа жария (уақып), пайдалы ілім және дұға жасайтын ізгі ұрпақ» деген. Осы тұрғыдан алғанда, халық игілігіне ұсынылған балалар ойын алаңшасы – сауабы үзілмейтін қайырлы істің бір көрінісі.



26 Мамыр 2026
9 Зуль-хиджа 1447

