Жамбыл облысы, Тараз қаласы ҚМДБ-ның филиалы “Әл Фирдаус” мешітіндегі “Әйел-қыздар” секторының ұстазы Нұржамал Оңғарқызының ұйымдастыруымен Сауат ашу курсының білім алушы қыз-келіншектері арасында “Сыннан сүрінбе” тақырыбындағы іс-шара Құранның Бақара сүресін оқумен басталды. Алла елшісінің: “Дұға-тілек құлшылықтың жілік майы” деген өсиетіне сүйеніп, кімде-кім Алланың 99 көркем есім-сипаттарын жатқа айтып жүретін болса ол адамның бұл дүниедегі барша тілеген тілектері қабыл болатынына кәміл сенген “Әл Фирдаус” мешітінің Сауат ашу курсындағы білім алушы қыз-келіншектері шын ықыластарымен өздерінің білімдерін ортаға салды.
Іс-шараның мақсаты әрбір шәкірт Алланың 99 көркем есімдерін жатқа айту және оның мағынасын түсіндіріп берумен 3 айда жеткен жетістіктерін сыныптастарының алдында өздерінің біліктілігі мен білімін өзара сынап көру.
Әрбір қатысушының жүрегінде жатталып, тілімен айқан 99 көркем есім-сипаттары мешіттің көк күмбезінің ішіне Куфа жазуымен өріліп жазылған Алла Тағаланың 99 көркем есім-сипаттарымен ұштасып мешіттің ішін ерекше сезімге бөледі.
Іс-шараның соңында білімдерінің жемісімен жеңіске жеткен шәкірттерге “Құран нұрынмен тәж киген жүрек” атты тәж кию рәсімі ұйымдастырылды. Қатысушылардың баршасына осы күннің естелігі болсын деген ниетпен ынталандыру сыйлықтары және “Мақтау қағазы” табыс етілді.
Ғалымбек Төлегенұлы



27 Мамыр 2026
10 Зуль-хиджа 1447

