Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Жамбыл облысы Қордай аудандық «Қордай» мешітінің ұйымдастыруымен «Дін мен дәстүрді» ұштастырып «Имани әже – ізгіліктің шамшырағы» атты облыстық мешіт әжелерінің байқауы өтті.
Дәстүр мен құндылықты дәріптеген айтулы шараға облыс орталығы мен 4 ауданнан жиналған, жалпы саны 6 топ қатысып, бақ сынасты. Атап айтқанда, жарыс көрігін «Ұлт анасы», «Даналық дариясы», «Өнегелі әже», «Ақжаулық», «Әз-әжелер» және «Қазыналы әжелер» топтары қыздырды. Сайыскерлердің өнері мен білімін сарапқа салу үшін байқау 5 негізгі бөлімнен тұрды. Олар: таныстыру, сирадан, яғни пайғамбарымыздың өмірбаянынан сұрақ-жауап, ұлттық тағамдар, қолөнер және салт-дәстүрді дәріптеу кезеңдері.
Байқауға қазылық етіп, әділ бағасын берген қазылар алқасының құрамында елге сыйлы тұлғалар болды. Олардың қатарында айтыскер ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Қордай ауданының Құрметті азаматы Күмісай Егіншіқызы Сәрсенбаева, Жамбыл облысы әйел-қыздар секторының басшысы Жазира Иманалиева және Қордай аудандық «Қордай» мешітінің ұстазы Эльмира Есімқараева бар.
Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлделер мен арнайы номинациялар иегерлері анықталды. Төрешілердің шешімімен 1-орынды Шу ауданынан келген «Әз әжелер» тобы иеленіп, теледидармен марапатталды. 2-орын мен шаңсорғыш жүлдесі Қордай ауданының «Ұлт анасы» тобына бұйырса, 3-орын мен әсел пешін Байзақ ауданының «Қазыналы әжелер» тобы қанжығасына байлады.
Сонымен қатар, Жамбыл ауданының «Шебер әжелер» тобы, Қордай ауданы «Рахман» мешітінің «Дәстүрді сақтаушы әжелер» тобы және «Һибатулла Тарази» мешітінің «Өнерлі әжелер» тобы арнайы номинациялармен марапатталды. Шара соңында барлық қатысушы әжелерге блендер сыйға тартылып, олардың жол шығындары толықтай өтелді.
Ұлттық рухты оятып, дін мен дәстүрді жаңғыртқан бұл шара әжелеріміздің қоғамдағы орны мен тәлім-тәрбиелік рөлін тағы бір мәрте айқындай түсті.
"Һибатулла Тарази" мешітітінің баспасөз қызметі


26 Мамыр 2026
9 Зуль-хиджа 1447

