Қызылқайнар ауылы "Бейсеу ата" мешітінің имамы Ермұханбет Берсүгір жамағатпен тағылымды кездесу өткізіп, «Жүрек тазалығы» тақырыбында әсерлі уағыз айтты. Уағыз барысында имам жүрек тазалығының мұсылман өміріндегі рухани өзек екенін тереңінен түсіндіріп өтті.
Ол адамның сыртқы амалдарының қабыл болуы ең алдымен жүректің ниетіне байланысты екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, күнә мен жаман әдеттердің жүректі қарайтатынын, ал ізгі амалдардың оны нұрландыратынын нақты мысалдармен жеткізді.
Ермұханбет Берсүгір Құран аяттары мен пайғамбар хадистеріне сүйене отырып, жүректі тазарту жолдарын баяндады. Имам тәубе ету, кешірім сұрау және адамдарға жақсылық жасау арқылы жүрекке тыныштық орнайтынын түсіндірді.
Сонымен қатар, ол көреалмаушылық, тәкаппарлық секілді дерттерден сақтануға шақырды. Жамағатқа шынайылық пен ықыластың маңыздылығы да кеңінен насихатталды. Уағыз барысында тыңдаушылар терең ойға батып, рухани әсер алды.
Кездесу соңында жамағат өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Жиын жалпы жұртшылыққа жүрек тәрбиесінің маңызын ұғындырып, имандылыққа үндейтін мазмұнды басқосу болды.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі


27 Мамыр 2026
10 Зуль-хиджа 1447

