Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Қарақыстақ ауылдық «Бәйдібек баба» мешітінің имамы Сұлтанов Қайсар ауылдық мәдениет үйінде өткен «Дін мен дәстүр бірлігі» атты дөңгелек үстелге қатысып, тақырып төңірегінде баяндама жасады. Дөңгелек үстелге кітапхана қызметкерлері мен жастар қатысып, ойларын ортаға салды.
Ислам діні ешқашан салтымызға салқындықпен қарап, құндылықтарымызды құрдымға кетірмеген. Керісінше, кемеледендіріп, қасиетке толы дінімізбен өсиетке толы дәстүріміз қабыса қатар қанат жайған-ды. Сонау Үйсін, Қаңлы, Қыпшақ пен Сақтардан бері сан жылдар жылысып, Ғұндардан ғұмырлық ғұрыптар ғасырдан-ғасырға жалғасып жеткен жүлгесі ұзын, жілігі майлы салт-санамыз бен дәстүріміз Қараханилер дәуірінде дендей кірген хақ дін Исламмен біте қайнасып, көшпенділер көшінің керуенін бастаған халқымыздың көсегесін көгертіп, өркениет өлкесінде өшпестей өскелең тағылымға толы құндылықтар қалыптастырды.
Аңдай білген адамға, Алтай мен Атыраудың арасы аспан астындағы ашық мұражай спетті. Бабалардан бүгінге жеткен бай мұраны жер-жүзіндегі жауһарлардың бірі деп білген жөнді болмақ.
Қуаныш Түзелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі



28 Мамыр 2026
11 Зуль-хиджа 1447

