Білім алу, сауатты болу – дініміздің негізгі талаптарының бірі. Себебі Алла Тағала қасиетті Құранның алғашқы уахи етілген аяттарында: «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратты. Оқы! Сенің Раббың аса ардақты! Ол қаламмен жазуды үйретті. Адамға білмегенін үйретті» деп баян етеді. Алғашқы түскен аяттың «Оқы!» әмірімен басталуы – әрбір мұсылман баласының білім ізденіп, ілім үйренуге ұмтылуы қажеттігін көрсетеді.
Қасиетті Құранда ілім мен білім жайында көптеген аяттар айтылып, кейбір ақиқаттарды тек ілім иелері ғана түсінетіні баяндалған. Осы мақсатта Қордай ауданы, аудандық «Қордай» мешітінде ұйымдастырылған екі күндік семинар өз мәресіне жетті. Семинар барысында қатысушыларға діни білімнің маңыздылығы, имандылық, дәстүрлі құндылықтар және қоғамдағы рухани тұрақтылық тақырыптары қозғалып, сонымен қатар діни сабақтар мен концептуалдық құжаттар түсіндірілді.
Семинар соңында жасы үлкен қария имамға шапан жабылып, қатысушыларға алғыс білдіріліп, арнайы сертификаттар мен «Сира» кітабы табысталды. Алла Тағала баршамызға пайдалы білім, қабыл болатын амал және екі дүние бақытын нәсіп етсін!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



15 Мамыр 2026
28 Зуль-каада 1447

