"Кеңесхан қажы" мешітінде шәкірттер арасында тәжуид пәні бойынша танымдық әрі тартысты жарыс ұйымдастырылды. Шараның негізгі мақсаты – шәкірттердің Құран Кәрімді дұрыс оқу ережелерін жетік меңгеруіне ықпал етіп, білім деңгейін арттыру.
Жарыс барысында қатысушылар өзара бақ сынап, тәжуид ережелері бойынша білімдерін ортаға салды. Қызықты форматта өткен сайыс шәкірттердің пәнге деген қызығушылығын арттырып, белсенділіктерін күшейтті.
Шараны ұйымдастырған ұстаз Зейнеп Үсенова бұл әдістің шәкірттердің білімін жетілдіруде тиімді тәсіл екенін атап өтті. Оның айтуынша, жарыс түрінде өткізілетін сабақтар оқушылардың есте сақтау қабілетін дамытып, пәнді жеңіл әрі сапалы меңгеруіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Сарыағаш медресесінен іс-тәжірибеден өтуге келген екі білімгер де шараға қатысып, тәжірибе жинақтады. Олар мұндай әдістің білім берудегі нәтижелі тәсілдердің бірі екенін айтып, ұстазға қолдау көрсетті.
Шара шәкірттердің Құранға деген сүйіспеншілігін арттырып, білімге деген ынтасын нығайтқан тағылымды басқосу болды.



13 Мамыр 2026
26 Зуль-каада 1447

