Ислам – рақым мен мейірім діні. Жан-жануарларға жасалған әрбір жақсылық – сауап. Олар – Алланың үнсіз жаратылыстары әрі адам баласына аманат. Сондықтан табиғатқа және жан-жануарларға деген жауапкершілік – әрбір мұсылманның парызы. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Жер бетінде жүрген барлық жан-жануарлар мен көкте қос қанатымен ұшқан құстар – сендер сияқты қауымдар. Біз Кітапта ешнәрсені тыс қалдырмадық. Кейін олардың барлығы Раббыларының алдына жиналады», – деп баяндайды.
Бұл аят адам баласын барлық жаратылысқа жанашырлықпен қарап, оларға қиянат жасамауға үндейді. Осыған орай, Қордай ауданы, Ауқатты ауылындағы «Омар Фарух» мешітінде ауыспалы жұма намазы өткізілді. Жұма барысында «Өтеген» мешітінің ұстазы Нұрсұлтан Атамбаев жамағатқа «Тазалық, табиғат және қоршаған ортаны қорғау» тақырыбында уағыз-насихат айтты.
Насихатта мұсылман қауымына қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарап, тазалық пен мейірімділікті өмірлік ұстанымға айналдыру қажеттігі ескертілді. Алла Тағала баршамызға қуатты иман, ізгі ниет, қабыл болатын амал және кең пейіл нәсіп етсін!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



13 Мамыр 2026
26 Зуль-каада 1447

