Алла Тағала қасиетті Құранның «Әнбия» сүресі, 92-аятында: «Осы сендердің үмметтерің – бір-ақ үммет. Мен Раббыларыңмын. Сондықтан Маған ғана құлшылық етіңдер», – деп бұйырады. Қазақ халқы да бірліктің маңызын терең түсінген. «Бірлік болмай тірлік болмас», «Бірлік түбі – береке», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген нақыл сөздер соның айғағы.
Бірлікті бұзатын – күншілдік, іштарлық пен араздық екені белгілі. Сондықтан халқымыз мұндай жағымсыз қасиеттерден аулақ болуға үндеген. Ел бірлігі – ұлттың ұйысуы мен тұрақтылығының негізі. Осыны берік ұстанған ата-бабаларымыз ел ішіндегі дауларды әділ шешіп, ынтымақтың сақталуына ерекше мән берген. Осыған орай, Жамбыл облысы, Қордай ауданына қарасты Үлкен Сұлутөр ауылында жамағат пен ауданның бас имамы Азамат Берікұлының кездесуі өтті.
Кездесу барысында жамағат имаммен танысып, пікір алмасып, құрмет ретінде иығына шапан жапты. Ауылдың ақсақалдары ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді. Жиын соңында дұға жасалып, ел бірлігі мен амандығы тілінді. Алла Тағала ел ішіндегі татулықты арттырып, ақсақалдарымыздың даналығын молайтсын! Жастарымызға тура жол мен береке нәсіп етіп, еліміздің тыныштығын баянды етсін!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



13 Мамыр 2026
26 Зуль-каада 1447

