Ислам діні – тазалық пен мейірімге үндейтін асыл дін. Пайғамбарымыз Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай деген: «Өте ыстық күні қатты шөлдеген бір адам құдыққа түсіп, су ішеді. Сыртқа шыққанда шөлден қатты қиналған итті көреді. “Бұл ит те мен сияқты шөлдеп тұр екен” деп, аяқ киіміне су толтырып, оны аузына тістеп алып шығып, итке су береді. Алла Тағала оның осы ісі үшін күнәларын кешіреді».
Сонда сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Жан-жануарларға жасаған жақсылығымыз үшін де сауап бар ма?» – деп сұрағанда, Ол: «Иә, әрбір тірі жанға жасаған жақсылықта сауап бар», – деп жауап берген. Осы хадисті негізге ала отырып, Қордай ауданы, Масаншы ауылы «Мұсылмандар» мешітінде ауыспалы жұма намазын Бекзат Жұмабайұлы өткізді. Жұма уағызының тақырыбы «Тазалық, табиғат және қоршаған ортаны қорғау» болды.
Насихат барысында тазалықтың иманның бір бөлігі екені, табиғатты қорғау – әрбір мұсылманның міндеті екені кеңінен түсіндірілді. Қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау, жан-жануарларға мейірім таныту – сауапты істердің бірі екені айтылды. Алла Тағала баршамыздың иманымызды нығайтып, елімізге амандық, жұртымызға тыныштық нәсіп етсін. Жеріміз таза, еліміз көркейе берсін!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



13 Мамыр 2026
26 Зуль-каада 1447

