Ислам дінінде адам баласының өзіне берілген ризықтан мұқтаж жандарға көмек көрсетуі – аса маңызды амалдардың бірі. Ақиқатында, Алла Тағала құлдарының берген садақасына мұқтаж емес. Керісінше, адам өзгеге қол ұшын беру арқылы өз өмірін ізгілікке, мейірімге толтырады.
Жомарттықтың ең жоғары дәрежесі – адамның өзі мұқтаж бола тұра, қолындағы барын өзгемен бөлісе білуі. Ислам тарихына көз жүгіртсек, алғашқы мұсылмандардың дәл осындай кеңпейілділігімен ерекшеленгенін көреміз. Мәдинадағы ансарлар Меккеден қоныс аударып келген мұхажир бауырларына Алланың разылығы үшін барын бөлісіп, үлкен жанашырлық танытқан.
Осы ізгі қасиеттерді дәріптеу мақсатында Қордай ауданы, аудандық «Қордай» мешітінде жамағат белсендісі Ұлан Солтанбеков ауданның бас имамы Азамат Берікұлының атынан алғыс хатпен марапатталды. Ауданымыздың жанашыры, қайырымдылық істердің белсендісі болған Ұлан азаматтың бұл еңбегі көпшілікке үлгі болары сөзсіз. Алла Тағала еліміздегі қайырымды, жанашыр азаматтардың қатарын арттырсын!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



13 Мамыр 2026
26 Зуль-каада 1447

