Әнас ибн Мәліктен (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жеті түрлі амалдың сауабы адам дүниеден өткеннен кейін де қабіріне барып тұрады: біреуге ілім үйретсе, құдық қазса, құрма немесе басқа да ағаш отырғызса, мешіт салса, Құранды мирас етіп қалдырса және артынан өзіне дұға жасайтын ізгі ұрпақ қалдырса», – деген. Осы хадисте аталған ізгі амалдардың бірі – ағаш отырғызу.
Адам еккен ағашынан пайда көрген әрбір жан үшін, тіпті ол ағаш кейін басқа біреудің меншігіне өтсе де, еккен кісіге сауап жазыла береді. Осы игі істі негізге ала отырып, Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қарасу ауылындағы «Ал-Хади» мешітінде жүз түп жеміс ағаштары мен гүлдер отырғызылды. Іс-шараға ауыл белсенділері мен жомарт жандар атсалысып, мешіт имамы Русланбек Сағынұлының ұйымдастыруымен жүзеге асты. Алла Тағала осы сауапты іске үлес қосқан барша жандардан разы болсын! Еліміз көркейіп, гүлдене берсін!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



13 Мамыр 2026
26 Зуль-каада 1447

