Тараз қаласындағы «Кеңесхан қажы» мешітінде қала имамдарының қатысуымен маңызды жиын өтті. Жиналысты ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы жүргізіп, күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды. Сондай-ақ, Тараз қаласының бас имамы Ержан Аманбаев өңірдегі діни ахуал мен атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады.
Жиын барысында имамдардың діни қызметтегі жауапкершілігі, ҚМДБ бекіткен талаптарды сақтау және жамағатпен жұмыс жүргізу сапасын арттыру мәселелері кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, имамдардың қызметтік міндеттерін тиісті деңгейде атқаруы, діни қызметкер әдебін сақтау, жұма және бес уақыт намазда бекітілген тақырыптар аясында уағыз-насихат жүргізу қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар, жиналыс соңында нақты шешімдер қабылданып, бірқатар міндеттер жүктелді. Атап айтқанда, мешіт имамдары ҚМДБ бекіткен «Имамның жамағат намазын өткізу тәртібі», «Діни қызметкерлер атқаратын діни рәсімдер тізілімі» және «Діни лауазымдар тізілімі» құжаттары негізінде жұмыс атқаруы тиіс екені тапсырылды. Қала мешіттерінің имамдарына қызметтік міндеттерін қатаң сақтау жүктеліп, бес уақыт намазды тек ресми тағайындалған имамдардың өткізуі қадағаланатыны ескертілді.
Бұдан бөлек, имамдардың намазға сәлдемен және муфтият бекіткен діни киім үлгісімен шығуы міндеттелді. Бесін және ақшам намаздары алдында уағыз айтуды тұрақты түрде жүргізу, мешіттердің тазалығы мен санитарлық жағдайын, әсіресе дәретханалардың талапқа сай болуын бақылауда ұстау қажеттігі де назарға алынды.
Жиын қорытындысында мұндай жүйелі жұмыстардың мешіт қызметін біріздендіруге, жамағатқа сапалы діни қызмет көрсетуге және қоғамдағы рухани тұрақтылықты нығайтуға бағытталғаны атап өтілді.
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі.



13 Мамыр 2026
26 Зуль-каада 1447

