Жамбыл облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің жанындағы «Қамқор-Шарапат» салттық қызмет көрсету орталығының ұйытқы болуымен «Өткенге құрмет – тіріге міндет» атты шара өтті. Игі бастама аясында зират аумағын ретке келтіру, тазалау және абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Сауапты іске облыстық мешіт қызметкерлері мен Тараз қаласына қарасты мешіттердің имамдары атсалысты. Қатысушылар зират аумағын қоқыстан тазартып, қоршауларын қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізді.
«Қамқор-Шарапат» орталығының жауапты маманы Халид Қожахметовтің айтуынша, мұндай шаралар жоспарлы түрде ұйымдастырылып келеді.
— Бұл бастама — өткенге тағзым, ұрпаққа үлгі. Зираттардың тазалығы мен күтімі — баршамызға ортақ міндет. Сондықтан бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, — деді ол.
Аталған шара — қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, ата-баба рухына деген құрметті арттыруға бағытталған игі қадам.
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі


28 Сәуір 2026
11 Зуль-каада 1447

