Тараз қаласындағы «Әл-Хафиз» мешітінде жасөспірімдер арасында Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан тағылымды сайыс ұйымдастырылды.
Байқау бір пара және жарты пара Құранды жатқа оқу бойынша өтті. Жалпы саны 45 шәкірт қатысып, өз білімдері мен жаттау қабілеттерін сынға салды. Қатысушылар Құран Кәрімді мәнерлеп оқу, жаттау және тәжуид ережелері бойынша бақ сынап, жоғары дайындық деңгейін көрсетті.
Сайыстың негізгі мақсаты – жас буынның Құранға деген сүйіспеншілігін арттыру, қасиетті кітапты дұрыс оқу мәдениетін қалыптастыру және шәкірттердің білім деңгейін бағалау. Шараны ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы ашып, жастарға ақ батасын берді.
Қазылар алқасы құрамында Асқар Зәкіржанұлы, Құран секторының жетекшісі, қари Бірлік Амангелді, Тараз қаласының бас имамы Ержан Маханұлы және «Абу Бакр Ас Сыддық» мешітінің имамы, қари Қасым Бектаев болып, қатысушылардың оқу нақышына, дыбыстау дұрыстығына және жаттау сапасына ерекше назар аударды.
1 пара бойынша жеңімпаздар:
1-орын — Джамалов Амин
2-орын — Мадияр Абдуләзиз
3-орын — Абдуллаев Нурислам
Жарты пара бойынша жеңімпаздар:
1-орын — Серғазиев Альтаир
2-орын — Жорабек Муслим
3-орын — Берікбай Сырым
Байқаудың жүлде қоры екі санат бойынша бірдей белгіленіп, 1-орынға 300 000 теңге, 2-орынға 200 000 теңге, 3-орынға 100 000 теңге табысталды. Осылайша, жалпы жүлде қоры 1 200 000 теңгені құрады.
Сонымен қатар, ұйымдастырушылар барлық қатысушыларды ынталандыру мақсатында әр шәкіртке 5 000 теңге көлемінде сыйақы мен Құран кітабын тарту етті.
Шараға шамамен 150-ге жуық жамағат қатысып, жас қариларға қолдау білдірді. Аталған рухани кеш мешіт жамағаты мен жас шәкірттердің имани дамуына серпін беріп, Құранға деген сүйіспеншілікті арттыра түсті.
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі




10 Мамыр 2026
23 Зуль-каада 1447

