Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов аудандық «Сұлтан» орталық мешітінің бас имамы Қуаныш Досымжанұлы мешітке келген жамағатқа «Отбасы – аманат» тақырыбында уағыз-насихат айтты. Кездесуге 60 қа жуық жамағат қатысып, отбасының жауапкершілігін сезінді.
Бас имам насихатын: «Алла Тағаланың бұл өмірде адам баласына берген үлкен нығметінің бірі – шаңырақ көтеріп, отбасылы болу. Отбасын құру – барлық пайғамбардың сүннеті. Бақытты отбасы – мызғымас қоғамның іргетасы. Қоғам қарым-қатынасының қағидалары отбасы құндылықтары негізінде қалыптасады. Демек, қоғамның дамуы мен өркенденуінің басты тетігі салауатты отбасының негізінен басталуы керек.
Дәл сол сияқты қай қоғамның болмасын рухани құлдырауының, іштей ыдырауының басты себебі де отбасы ішіндегі тұрақсыздықтың салдарынан туады. Ендеше, отбасымыздың бақытты да берекелі болуына әрбір мұсылман үлкен маңыз беріп, асыл дініміз талап еткен отбасылық ақыларды орындап, ізгі ұрпақ тәрбиелеуге тырысқанымыз жөн,- деп, сөзін аяқтады.
Қуаныш Түзелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі


14 Маусым 2026
28 Зуль-хиджа 1447

