Ақиқатында, бала тәрбиесінің ең маңыздысы – имандылық тәрбиесі. Бұл – ата-ананың перзенті алдындағы ең алғашқы әрі басты міндеті. Жаратушыны таныту, баланың шынайы мұсылман болып қалыптасуына жағдай жасау – әрбір ата-ананың борышы. Бұл жөнінде Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастар болған оттан (тозақтан) құтқарыңдар», – деп бұйырылған.
Аталған аяттағы «құтқару» ұғымын сахаба Әли ибн Әбутәліп (оларға Алла разы болсын): «Оларға білім үйретіп, әдепке баулыңдар», – деп түсіндірсе, ал ғұлама Хасан Басри: «Аллаға мойынсұнуға бұйырып, ізгілікті үйретіңдер», – деген. Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қаракемер ауылы тұрғындарымен өткен кездесуде РАНТ мүшесі Нұрәлі Бақытұлы «Ата-ананың баласына беретін тәрбиесі» тақырыбын кеңінен тарқатып, терең түсіндірді.
Кездесу барысында болашақ ұрпақтың жарқын келешегі бүгінгі дұрыс тәрбиеге, дұрыс бағыт-бағдарға және ата-ананың шынайы ниетіне байланысты екені атап өтілді. Жиын соңында барша жамағатқа салихалы ұрпақ тәрбиелейтін өнегелі ата-ана болу нәсіп етілуі тілінді. Ұрпақтарымыздың болашағы жарқын, еліміз тыныш әрі берекелі болсын!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



25 Сәуір 2026
8 Зуль-каада 1447

