Исламдағы бауырмашылдық – Алла Тағаланың ықыласты, тақуа құлдарының жүрегіне дарытатын иләһи қасиет. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Алла сол мүміндердің жүректерін жарастырды. Егер сен жер бетіндегі байлықтың барлығын осы жолда жұмсасаң да, олардың жүректерін дәл бұлай жарастыра алмас едің.
Алайда Алла оларды жарастырды. Шүбәсіз, Ол – бәрінен үстем, хикмет иесі» – деп баяндайды. Шынайы мұсылман қоғамын өзара бауырмашылдықсыз елестету мүмкін емес. Мұндай сезімдегі жандар бір ағаштың бұтақтары секілді: саны артқан сайын күшейе түседі. Бұтағы көп, тамыры терең ағашты қатты жел шайқалта алмағандай, ауызбіршілігі мығым елге де сыртқы теріс күштер әсер ете алмайды.
Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Масаншы ауылындағы «Мұсылмандар» мешітінде Жамбыл облысы наиб имамы Бақтияр Амиреев жамағатпен кездесіп, жамағатқа «Бауырмашылдық пен ауызбіршілік» тақырыбында насихат айтты. Кездесу барысында мешіт жамағаты мен шәкірттерге бірлік пен ынтымақтың маңызы кеңінен түсіндіріліп, қоғамдағы татулық пен өзара түсіністікті нығайтуға шақырды. Жаратқан Иеміз баршамызға берік ауызбіршілік пен қуатты иман нәсіп етсін!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



25 Сәуір 2026
8 Зуль-каада 1447

