Құран Кәрімде былай делінген: «...өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге ерекше мейірімді». Бұл аяттағы «өздеріңді өлтірмеңдер» деген тыйымға тәпсірші ғалымдар бірнеше мағына берген. Ең әуелі, бұл – адамның өзіне-өзі қол жұмсауына, яғни қазіргі тілмен айтқанда, суицидке қатаң тыйым. Сонымен қатар, «өздеріңді» деген сөздің астарында «бір адам екінші адамға қол көтермесін, өйткені барлығы да бір адамзаттың өкілі» деген терең мағына жатыр.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен игілігі болсын): «Мүміндер – бір дене секілді» деген хадисі де осы ойды қуаттайды. Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қаракемер ауылы тұрғындарымен өткен кездесуде Жамбыл облысы наиб имамы Бақтияр Амиреев тағылымды уағыз айтып, адам жаратылысының мәні, өмірдің құндылығы, оның мақсаты мен орны туралы кеңінен түсіндірді.
Кездесу барысында адам өмірінің баға жетпес нығмет екені, оны қадірлеу және оған қол сұқпау әрбір жанның міндеті екені атап өтілді. Жиын соңында барша жамағатқа ұзақ ғұмыр, салихалы амалдар және өнегелі ұрпақ тәрбиелеу нәсіп болуы тіленді.
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



25 Сәуір 2026
8 Зуль-каада 1447

