Меркі ауданындағы «Әл-Баақи» мешітінде жамағатқа арналған кезекті «Пәтуа сағаты» ұйымдастырылды. Шара барысында мешіттің бас имамы Абдрахманов Азамат қоғамда өзекті болып отырған «Зекет қаржысына мұқтаж жанға үй алып берудің шариғи үкімі» тақырыбында кеңінен мағлұмат берді.
Азамат имам «Пәтуалар жинағы» кітабынан осы мәселеге қатысты Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының (ҚМДБ) ғұламалар кеңесінің шығарған пәтуасын жеткізді: «Зекет қаржысына мұқтажға баспана алып беру мәселесі шариғатта кедейге берілетін зекеттің үкіміне негізделеді. Ал кедейге берілетін зекеттің мөлшеріне қатысты ғұламалар арасында бірнеше көзқарас бар. Ханафи мәзһабының танымал ғалымы Ибраһим әс-Силқини былай дейді: «Осы пікірлерді жинақтай отырып, кедейді екіге бөліп қарастыра аламыз: Біріншісі – кәсіп иесі, саудагер, егінші секілді жұмыс істеуге шамасы келетін және өзіне жететін дүниесі бар адам. Бірақ жұмыс істеуге, шаруашылыққа қажетті құрал-сайман алуға немесе сауда жасауға қаражаты жоқ. Мұндай топтағы адамдарға өздерінің және отбасыларының қажеттілігін қанағаттандыру үшін жұмыс істеуге жеткілікті қаражатты зекет ретінде беруге болады. Екіншісі – жұмыс істеуге шамасы келмейтін адам. Мысалы, мүгедек, жетім-жесір, қарт адам. Олардың біреуіне бір жылға жететіндей мөлшерді зекет ретінде беруге болады. Оны айлық есебінде ай сайын немесе жыл сайын беріп отыруға болады.
Осы көзқарасты негізге алу көптеген мұқтаж жандарға жеңіл болмақ. Себебі ол хазіреті Омардың (оған Алла разы болсын): «Егер зекетті беретін болсаңдар, дәулетті етіп жіберетіндей беріңдер», – деген сөзіне (Ибн Әбу Шәйба, «Әл-Мусаннаф», №10526) сай келеді. Сондықтан зекет беруге шамасы келетін адамдар зекетін жұмысы жоққа жұмыс істеуі үшін, баспанасы жоққа үй алуы үшін, бойдаққа үйленуі үшін беруіне болады» (Ибраһим ас-Сәлқини, «Әл-Фиқһ әл-исләми», 2/109. Мухаммад Мәжид Итр, «Әл-Муфассал фи әл-фиқһ әл-ханафи», 321-322).
Шешім:
- Дәулетті адам кедейге зекетті нисаптың мөлшеріндей (мыс, 85 гр алтынның құнын) немесе одан көбірегін беру – мәкруһ, бірақ парыз мойнынан түседі.
- Жұмыс істеуге шамасы келмейтін мұқтаж адамға үй сатып алуға жететін қаражатты зекет ретінде беруге болады.»
Пәтуаға қатысты толық ақпаратты «Пәтуалар жинағы» кітабынан немесе muftyat.kz және fatua.kz сайтынан оқысаңыз болады
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі



22 Сәуір 2026
5 Зуль-каада 1447

