Мұсылман адам Құран аяттары мен хадистерге амал ете отырып, қоршаған ортаны қорғауға, табиғатты көркейтуге және адамзатқа пайда әкелуге үлес қосады. Ағаш отырғызу – тек экологиялық іс емес, сонымен қатар сауапты садақа болып табылады. Қазақ даналығында: «Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді, жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді», – деп бекер айтылмаған. Саналы адам тек бүгінгі күнін емес, ертеңін және ақыретін де ойлайды.
Ағаш егу – сауабы үзілмейтін игі амалдардың бірі. Табиғатты аялау, оны таза ұстау және туған жерді көркейту – әрбір азаматтың парызы. Елімізді ешкім сырттан келіп көркейтпейді, бұл – өз қолымыздағы іс. Осы орайда Қордай ауданының бас имамы Азамат Берікұлы «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүзеге асырылып жатқан 35 мың түп ағаш отырғызу жобасына белсене атсалысты.
Аудан орталығындағы «Қордай» мешітінің аумағына жеміс ағаштарының көшеттері отырғызылды. Алла Тағала баршамыздың ниет-амалдарымызды қабыл етіп, елімізге береке, жерімізге көрік берсін! Экологиялық жағдайымыз жақсарып, Қазақстанымыз көркейе берсін!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



22 Сәуір 2026
5 Зуль-каада 1447

