Жаңбыр тілеу (истисқа) – мұсылмандардың Алла Тағалаға деген мұқтаждығы мен тәуелділігін білдіретін ерекше құлшылық. Мұндай сәтте имам жамағатпен бірге елді мекен сыртына шығып, қарапайымдықпен, кішіпейілділікпен Алладан жаңбыр тілейді. Жамағат екі рәкәғат истисқа намазын оқиды. Бұл жөнінде Ибн Аббастан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте: «Алланың елшісі бойсұнған, қарапайым әрі жалбарынған күйде намаз алаңына келді. Намаздың алдында құтпа айтпады. Бірақ дұға жасап, тәкбір айтуды тоқтатпады. Сөйтіп айт намазындай екі рәкәғат оқыды», – делінген.
Кей жағдайда намаз оқылмай, тек дұға мен истиғфар жасаумен де шектелуге болады. Имам жамағатқа уағыз айтып, күнәларына тәубе етуге, Алладан кешірім сұрауға, адамдар арасындағы реніштерді жоюға үндейді. Өйткені Қасиетті Құранда Нұх пайғамбардың (оған сәлем болсын) қауымына: «Раббыларыңнан кешірім сұраңдар! Расында, Ол – өте кешірімді. Сонда сендерге көктен мол жаңбыр жаудырады», – деген сөзі баяндалған.
Осыған орай Қордай ауданының бас имамы Азамат Берікұлы Алға ауылы тұрғындарымен бірге ауыл сыртында истисқа намазын оқып, жауын тіледі. Кейін жамағат ақ дастархан басында жиналып, насихат тыңдап, ас берілді. Алла Тағала елімізді құрғақшылықтан сақтап, берекелі жаңбырын нәсіп етсін! Жеріміз көгеріп, халқымыздың ырысы арта берсін!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



22 Сәуір 2026
5 Зуль-каада 1447

