Адам өмірі – Жаратушының аманаты. Пендеге берілген ғұмырды уақыт жеткенде тек Алла Тағаланың Өзі ғана алады. Сол себепті Ислам дінінде адамның өз-өзіне қол жұмсауы да, біреудің өмірін қиюы да ауыр күнә саналады. Кейбір ғұламалар суицидті тіпті кісі өлтіруден де ауыр қылмыс деп бағалаған.
Қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 195-аятында: «Өз қолдарыңмен өздеріңді қауіп-қатерге салмаңдар», – деп, адам баласына өз өміріне зиян келтіретін әрекеттерден аулақ болу бұйырылады. Бұл аяттан суицидтің Ислам рухына мүлде қайшы екені аңғарылады. Ал атақты ғалым Фахриддин әр-Рази: «Иман келтірген мұсылманда мұндай жаман ойдың болмауы тиіс, сондықтан Құранда тікелей тыйымның айтылмауы да – соның белгісі», – деген.
Осы бағытта Қордай ауданы, Бетқайнар ауылында суицидтің алдын алу мақсатында арнайы шара өтті. «Бетқайнар» мешітінің имамы Нұрлан Нұрмаханұлы, ауыл әкімі және құқық қорғау саласының өкілдері қатысқан жиын мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Кездесу барысында адам өмірінің қадірі мен құндылығы жан-жақты түсіндіріліп, көпшілікке пайдалы насихаттар айтылды.
Жиынға қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, көкейлеріндегі сұрақтарға жауап алды. Алла Тағала баршамызға амандық пен саулық нәсіп етіп, разы болатын істермен өмір сүріп, иманмен дүниеден өтуді жазсын!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



22 Сәуір 2026
5 Зуль-каада 1447

