Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мас ететін нәрсенің азы да, көбі де – харам», – деп, адамды ақылынан айыратын барлық нәрседен сақтандырған. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Өздеріңді өз қолдарыңмен құрдымға кетірмеңдер…», – деп ескерту жасайды. Осыған орай, ауылымызда «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында ауыл ақсақалдары, мешіт имамы және учаскелік полиция қызметкерлері бірлесіп, дүкендерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Ішімдік – адам денсаулығына, отбасы берекесіне және қоғам тыныштығына кері әсер ететін зиянды әдет. Сондықтан оның ауыл ішінде сатылуын шектеу – келер ұрпақтың амандығы үшін маңызды қадам екені тұрғындарға кеңінен түсіндірілді. Көпұлтты ауыл болғандықтан, бұл бағыттағы жұмыстар белгілі бір деңгейде күрделі. Дегенмен, өзара түсіністік пен бірлік болса, оң нәтижеге қол жеткізуге толық мүмкіндік бар. Қазіргі таңда ауыл тұрғындары «Ішімдіксіз ауыл» бастамасына қолдау білдіріп, салауатты өмір салтына бет бұруда.
Бұл – болашақ үшін жасалған маңызды әрі игі қадам. Баршаңызды салауатты өмірді таңдауға, жастарға үлгі болуға және «Ішімдіксіз ауыл» бастамасына үлес қосуға шақырамыз! Ішімдіксіз ауыл – балаларымыздың жарқын әрі қауіпсіз болашағының кепілі болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



21 Сәуір 2026
4 Зуль-каада 1447

