Ел болып қалыптасу үшін бірқатар маңызды тіректер қажет. Олар – дін, тіл, жер, тарих, ұлттық тағамдар, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар. Әр ұлттың өзіндік болмысы мен ерекшелігі осы құндылықтар арқылы айқындалады. Қазақ халқының салт-санасы мен әдет-ғұрыптары Ислам дінімен тығыз астасып, бір-бірін толықтырып келеді.
Дін мен ділдің, салт пен шариғи ұстанымдардың үйлесімділігі – қоғамдағы бірлік пен ынтымақтың берік негізі. Осы құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру – маңызды міндеттердің бірі. Осы орайда Қордай ауданы, Бетқайнар ауылындағы «Бетқайнар» мешітінің имамы Нұрлан Нұрмаханұлының ұйымдастыруымен оқушыларға «Дін мен дәстүр сабақтастығы» тақырыбында тағылымды кездесу өтті.
Кездесу барысында ұлттық құндылықтардың маңызы түсіндіріліп, дін мен дәстүрдің өзара байланысы кеңінен насихатталды. Сонымен қатар, оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, мазмұнды әрі пайдалы басқосу ұйымдастырылды. Алла Тағала ұлттық құндылықтарымызды сақтап, екі дүниемізге береке нәсіп етсін!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



21 Сәуір 2026
4 Зуль-каада 1447

