Алла ризалығы үшін жасалған әрбір игі іс пен берілген дүние – садақа болып есептеледі. Садақаның үлкен-кішісі болмайды. Ең бастысы – оны ықыласпен, шынайы ниетпен Алла разылығы үшін беру.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен игілігі болсын): «Оң қолың бергенді сол қолың білмесін», – деген хадисіне сай, жасалған жақсылық пен берілген садақаны жасырын түрде беру – ең абзал амалдардың бірі. Алла Тағала адам баласына нәсіп еткен мал-мүлік – үлкен нығмет. Сол нығметке шүкіршілік ету үшін оны орнымен жұмсап, мұқтаж жандарға үлес беру – әрбір мұсылманның міндеті.
Қасиетті Құранда: «Олардың малдарында қайыршының және (сұрауға намысы жібермеген) жарлының да ақысы бар», – деп айтылған. Осы орайда Қордай ауданының бас имамы көмекке мұқтаж болып, жәрдем сұрап келген жанға қол ұшын созып, қайырымдылық көмегін көрсетті. Алла Тағала жасаған ізгі амалдарымызды қабыл етіп, ниеттерімізді дұрыс, мұраттарымызды асыл етсін!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі


22 Сәуір 2026
5 Зуль-каада 1447

