Бүгін Жамбыл облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде ҚМДБ-ның «Ислам және адал қоғам» жылы аясында «Концептуалды құжаттарды» түсіндіруге арналған семинар өтті. Шараға ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы бастаған қала және ауданның бас имамдары қатысты.
Тараз шаһарына арнайы келген мамандар – ҚМДБ Дін істері және талдау бөлімінің меңгерушісі Асан Тілеубердиев, ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров, ҚМДБ Дін мен дәстүр бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Есмағанбет, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Медет Құрсақов семинар барысында баяндама жасап, аталған құжаттардың мазмұнын жан-жақты таныстырып, түсіндіріп өтті.
Жиын барысында дін қызметкерлерінің қоғамдағы рөлі, діни тұрақтылықты сақтау, дәстүр мен дін сабақтастығын нығайту, сондай-ақ ҚМДБ-ның стратегиялық бағыттары кеңінен талқыланды. Семинар қатысушылары өзара пікір алмасып, тәжірибе бөлісіп, көкейлеріндегі сауалдарға жауап алды.
Бұл басқосу – дін саласындағы мамандардың кәсіби біліктілігін арттырып, бірізділік пен жүйелілікті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, қоғамда рухани тұтастықты нығайту – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі екені атап өтілді.
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі



17 Сәуір 2026
29 Шавваль 1447

