Аудандық «Бәйдібек» мешітінде бас имам Даурен Куттыбаевтың ұйымдастыруымен ауыл имамдарына арналған «Уақып – сауаптың сарқылмас көзі» тақырыбында мазмұнды семинар өтті. Бұл игі шараның басты мақсаты – уақып ұғымының мәнін терең түсіндіріп, оның қоғамдағы рухани әрі әлеуметтік маңызын насихаттау болды. Бас имам өз сөзінде уақыптың исламдағы орны ерекше екенін атап өтіп, оның қайырымдылық пен ізгіліктің жарқын көрінісі екенін жеткізді. Сонымен қатар, уақып арқылы мешіттер мен медреселердің дамуына, мұқтаж жандарға көмек көрсетудің мүмкіндігі кеңейетінін айтты.
Семинар барысында уақып жасаудың шариғи негіздері мен шарттары кеңінен түсіндіріліп, нақты мысалдар келтірілді. Қатысушылар уақыптың тек материалдық көмек емес, сонымен қатар білім мен уақытты игі іске арнау екенін де ұғынды. Ауыл имамдары өз тәжірибелерімен бөлісіп, ел ішінде уақып мәдениетін қалыптастыру жолдарын талқылады. Жиында халықтың сеніміне ие болу, ашықтық пен адалдық қағидаларын сақтау мәселелері де назардан тыс қалмады.
Бас имам имамдарды жамағатпен тығыз байланыста жұмыс істеуге шақырып, уақып істерін жүйелі түрде жүргізудің маңызын атап өтті. Семинар соңында қатысушылар өз ойларын білдіріп, қажетті білім мен рухани азық алғандарын жеткізді.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі



28 Сәуір 2026
11 Зуль-каада 1447

