Байзақ ауданында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі кең көлемде, ұлттық дәстүр мен салт-сананы ұлықтаған түрде жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Шуақты көктемнің шырайлы мейрамына жиналған ауыл тұрғындары мен қонақтары халқымыздың бай мәдени мұрасын дәріптеп, береке мен бірліктің жарқын көрінісіне куә болды.
Мерекелік шараға ауданның бас имамы Қанат Әділханұлы арнайы қатысып, жамағатты әз-Наурызбен құттықтады. Өз сөзінде ол Наурыз мейрамының халқымыз үшін маңызы зор рухани әрі тәрбиелік мәні бар мереке екенін атап өтіп, бұл күннің татулықты, мейірімділік пен өзара құрметті нығайтатын айрықша күн екенін жеткізді. Сондай-ақ, жиналған көпшілікті ізгілікке, қайырымдылыққа және ауызбіршілікке шақырып, ақ батасын берді. Шара барысында ұлттық ойындар ойнатылып, қазақтың салт-дәстүрлерінен көріністер көрсетілді. Ақ дастархан жайылып, қонақтарға наурыз көже ұсынылды. Әсіресе, ұлттық киім киген жастардың өнері мен үлкендердің ақ батасы мерекенің көркін аша түсті.
Аталған іс-шара – ұлт құндылықтарын ұлықтап, жас ұрпақтың санасына ұлттық рухты сіңіруге бағытталған тағылымды басқосу болды. Наурыз мейрамы аясында ұйымдастырылған бұл игі шара ауыл тұрғындарының бірлігін арттырып, рухани байланысты нығайта түсті.



28 Наурыз 2026
9 Шавваль 1447

