2026 жылғы 22 ақпан күні Сарысу аудандық мешітінде әйел-қыздар жамағаты арасында «Құранмен қауыштырған – Рамазан» атты тағылымды рухани кеш ұйымдастырылды. Жүрекке жылу сыйлаған бұл шара – қасиетті айға деген рухани дайындықтың жарқын көрінісі болды.
Аталған кеш – жай ғана жиын емес, Құранмен байланысын нығайтқан жүректердің басқосуы еді. Әрбір қатысушының ықыласы мен құлшылықтағы тұрақтылығы – шынайы имандылықтың айғағына айналды.
Игі шара ұстаз Әйгерім Рустамбакиева жетекшілігімен жоғары деңгейде өткізіліп, оған 84 жамағат мүшесі қатысты. Олардың 36-сы рухани жетістіктері үшін арнайы марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, Құран тобының хатым оқудағы тұрақтылығы, кітап клубы аясында оқылған еңбектерді талқылаудағы белсенділігі, «Дәләйлул хойротты» ықыласпен әрі үздіксіз оқуымен ерекшеленген жандар және 45 күн ішінде 72 000 мәрте кәлима таухид айтуға ниет етіп, оны амалмен дәлелдеген қатысушылар лайықты құрметке ие болды.
Сонымен қатар, кеш барысында апа-қарындастар қазақы нақыштағы киім үлгісін насихаттап, ұлттық құндылықтарды дәріптеді. Бұл – дін мен дәстүр сабақтастығын айшықтай түскен көркем көрініс болды. Өйткені қазақ халқының салт-дәстүрі мен ислам құндылықтары қашанда өзара үйлесім тауып, ұлт болмысының негізін қалыптастырып келеді.
Кеш аясында Рамазан айының қадір-қасиеті кеңінен насихатталып, құлшылықтағы тұрақтылықтың маңыздылығы жан-жақты түсіндірілді. Іс-шара соңында ауызашар дастарханы жайылып, жамағат арасында бауырмалдық пен рухани бірлік ерекше сезілді.
Айта кетейік, бұл тағылымды кеш Рамазан қарсаңында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл – әйел-қыздар жамағатының Құранмен байланысын нығайтып қана қоймай, ұлттық құндылықтар мен асыл дәстүрімізді ұлықтауға бағытталған игі бастама.
Алла Тағала баршамызды Құран мен дәстүрді қатар ұстанған, иманды әрі парасатты ұрпақ тәрбиелейтін жандардан етсін!
Сарысу аудандық мешітінің баспасөз қызметі



26 Наурыз 2026
7 Шавваль 1447

