Қазақ халқы ертеден-ақ өмірін имандылықпен сабақтастырып, салт-дәстүрін дінмен ұштастыра білген. Байырғы бабаларымыз бір-бірімен жүздескенде, таныс-таныс емесіне қарамастан «Ассалаумағалейкүм» деп амандық сұрасқан. «Сәлем берген саулық алады» деген нақыл сөз де осыдан туындаса керек.
Ал сәлемді қабыл алған жан «Уағалейкумассалам» деп жауап беріп, жылы жүзбен қауышып, бауырмалдық танытқан. Қазақы дәстүрде алыстан келген мейман да үйге кірген бетте сәлем беріп, кейін «Мал-жан аман ба?» деп хал-жағдай сұрасқан.
Мұндағы «мал» – тұрмыс-тіршіліктің тірегі болған төрт түлікті меңзесе, «жан» – отбасы мен ағайын-туыстың амандығын білдіреді. Осы рухани құндылықтарды негізге алған Қордай ауданы, Арал ауылы тұрғындарымен аудандық «Қордай» мешітінің наиб имамы Жанұзақ Рысбекұлының кездесуі өтті. Кездесу барысында ауыл тұрғындарының хал-жағдайы сұралып, түрлі сауалдарына жауап берілді. Жиын өзара түсіністік пен рухани байланыстарды нығайтуға бағытталды.
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



26 Наурыз 2026
7 Шавваль 1447

