Аудандық орталық "Бәйдібек" мешітінде қасиетті Қадір түнінде ерекше рухани шара ұйымдастырылды. Бас имам Даурен Куттыбаев жамағатты игі амалдарға ынталандырып, тарауих намазына үздіксіз қатысып, сауапқа таласқан жандарға құрмет көрсетті.
Қадір түнінде тарауихтың сауабына таласып, үздіксіз қалмаған және жақсылыққа жарысып, бата беріп, таласып тәсбих оқығандарға жүлделі марапаттар ұсынылды. Сонымен қатар, мешіт өміріне белсене атсалысқан және құлшылықтарын арттырған жамағат мүшелері де назардан тыс қалмады. Осындай ізгі істерімен ерекшеленген азаматтарға мешіт атынан, жомарт демеушілер мен жамағаттың қолдауымен қаржылай сыйлықтар табысталды. Бұл игі шара жамағат арасында ынтымақ пен бірлікті нығайтып, құлшылыққа деген құлшынысты арттырды.
Қадір түніндегі мұндай марапаттау – адамдарды жақсылыққа жетелеп, сауапты істерге ынталандырудың жарқын көрінісі болды. Жиналған жамағат бұл бастаманы жоғары бағалап, ерекше рухани әсер алды.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі



26 Наурыз 2026
7 Шавваль 1447

