Аудандық орталық "Бәйдібек" мешітінің бас имамы Даурен Куттыбаев қасиетті Рамазан айында әйел жамағатына арнайы ауызашар дастарханын ұйымдастырып, оларды ерекше қуантты. Бұл игі шараның мақсаты – жамағат арасындағы бірлікті нығайтып, рухани байланысты арттыру болды. Ауызашар барысында ұстаз Жайна Бекназарова жиналған қауымға ізгі тілектерін жеткізіп, "Рамазан айының артықшылықтары мен сауапты амалдардың маңыздылығы" туралы насихат айтты.
Жамағат дастархан басында бірге дұға жасап, ауыз ашып, жылы әңгіме өрбітіп, бір-біріне ақжарма тілектерін білдірді. Шараға келген әйелдер қауымы көрсетілген құрмет пен ықыласқа ризашылықтарын білдіріп, осындай басқосулардың маңызын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, бұл ауызашар көпбалалы аналар мен әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға да қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды.
Осындай қайырымды іс-шаралар қоғамдағы мейірімділік пен жанашырлықты арттырып, адамдардың бір-біріне деген сыйластығын күшейте түседі. Кеш соңында жамағат көтеріңкі көңіл-күймен тарқап, имамға алғыстарын білдіріп, аналар ақ баталарын берді.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі



26 Наурыз 2026
7 Шавваль 1447

