Жаратқан Ие Құран Кәрімде Хужурат сүресінде былай дейді: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам мен Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Шүбәсіз, Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы».
Осы аяттан қорытынды шығаратын болсақ, Құдай Тағала адамзатты түрлі ұлттарға бөлген, әрқайсысы бір-бірін тануы арқылы өздерін танып, содан Жаратушыны тануға мүмкіндік алады. Осыған орай, аудандық «Қордай» мешітінде ауызашар кезінде жамағат арасында викториналық сұрақ-жауап ұйымдастырылды.
Іс-шараны аудан бас имамы Азамат Берікұлы жүргізіп, қатысушыларға «Дін мен дәстүр» кітабы бойынша сауалдар қойылды. Шара барысында жамағатқа діни білімдерін нығайту, дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу және Рамазан айында білім мен ізгі амалдарды қатар ұстаудың маңыздылығы түсіндірілді. Викторина жамағаттың қызығушылығын арттырып, сауатты әрі білімді болуға ынталандырды.
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі


28 Сәуір 2026
11 Зуль-каада 1447

