Аудандық орталық "Бәйдібек" мешітінің бас имамы Даурен Куттыбаев мешітке келген жамағатқа "Рамазан айының артықшылықтары" тақырыбында уағыз- насихат айтты. Уағыз барысында имам бұл айдың мұсылмандар үшін рухани тұрғыдан ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
Имам өз сөзінде Рамазан – кешірім мен мейірім айы екенін айтып, бұл айда жасалған құлшылықтардың сауабы еселеніп жазылатынын жеткізді. Сонымен қатар, бұл айда мұсылмандар Ораза ұстап, сабыр мен тақуалыққа тәрбиеленетінін түсіндірді. Сондай-ақ қасиетті Құран Кәрім осы айда түсе бастағаны және бұл айда ерекше түн – Қадір түні бар екені айтылды. Бұл түн мың айдан да қайырлы екені жамағатқа жеткізілді.
Уағыз барысында Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) Рамазан айында садақа беруді, қайырымдылық жасауды және мұқтаж жандарға көмек көрсетуді көп насихаттағаны айтылды. Насихат соңында жамағатты Рамазан айын тиімді пайдаланып, көбірек құлшылық жасап, жақсылық жасауға шақырды.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі



29 Сәуір 2026
12 Зуль-каада 1447

