Аудандық орталық "Бәйдібек" мешітінің бас имамы Даурен Куттыбаев мешітке келген жамағатқа "Рамазан - кешірім айы" тақырыбында уағыз- насихат айтты. Рамазан – Алланың құлдарына мейірімі молынан төгілетін ай. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.): “Кім Рамазан айында шынайы иманмен және сауабын Алладан үміт етіп ораза ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі” деген.
Осы хадистен-ақ Рамазанның ең үлкен сыйларының бірі – кешірім екенін көреміз. Адам баласы қателеседі, күнә жасайды, кейде Раббысынан алыстап кетеді. Бірақ Рамазан – қайта оралуға мүмкіндік беретін ай. Бұл айда тәубе есігі айқара ашылады. Кешірім тек Алладан ғана сұралатын нәрсе емес, адамдардың бір-бірін кешіруі де – Рамазан әдебінің бір бөлігі. Егер біз Алладан кешірім күтсек, өзіміз де өзгелерге кешірімді болуымыз керек.
Ата-ана мен бала, ағайын мен туыс, көрші мен дос – бәрі де осы айда өкпе-ренішті ұмытып, татуласуға ұмтылғаны жөн. Алла Тағала баршамыздың оразамызды, тарауихымызды, дұға-тілектерімізді қабыл етсін. Өткен күнәларымызды кешіріп, жүрегімізге мейірім мен иман нұрын орнатсын. Әмин!
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі


29 Сәуір 2026
12 Зуль-каада 1447

