Аудандық орталық "Бәйдібек" мешітінің ұстазы Жайна Бекназарова жамағат арасында бауырмалдықты, жанашырлық пен өзара көмекті насихаттау мақсатында "Мұсылман - мұсылманның қамқоршысы" тақырыбында уағыз айтты.
Уағыз барысында ислам дініндегі мұсылман бауырластығының маңызы кеңінен түсіндірілді. Сондай-ақ әрбір мұсылманның өз бауырына жанашыр болып, қиын сәтте қолдау көрсетіп, жақсылыққа үндеп, мұқтажға көмек беруі – дініміздің асыл қағидаларының бірі екені айтылды. Жамағатқа бір-біріне қамқор болу, ренжіспеу, татулық пен ауызбіршілікті сақтау, қоғамда мейірім мен ізгілікті арттыру жөнінде насихат берілді.
Кездесу барысында мұсылманның мұсылман алдындағы хақысы, көрші ақысы, ағайын-туысқа жанашырлық таныту, жетім-жесір мен мұқтаж жандарға қол ұшын созудың сауабы туралы кеңінен сөз қозғалды. Сонымен қатар жамағатқа қызғаныш, реніш, алауыздық секілді жаман қасиеттерден сақ болып, өзара кешірімділік пен сыйластықты нығайту қажеттігі түсіндірілді.
Шара соңында қатысушыларға бірлік пен ынтымақты сақтау, қоғамда бауырмалдық құндылықтарды дәріптеу және мейірімге негізделген қарым-қатынасты қалыптастыру жөнінде тағылымды ойлар айтылды.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі


29 Сәуір 2026
12 Зуль-каада 1447

