Аудандық орталық "Бәйдібек" мешітінің бас имамы Даурен Куттыбаев мешіт жамағатына "Пәтуа - білімді талап етеді" тақырыбында түсіндірме жұмысын жүргізді. Түсіндірме жұмысы жамағат арасында діни сауаттылықты арттыру, шариғи мәселелерге жауапкершілікпен қарау және дін атынан орынсыз пікір айтудың алдын алу мақсатында жүргізілді. Шара барысында пәтуа берудің үлкен жауапкершілік екені кеңінен түсіндірілді.
Исламда қандай да бір мәселе жөнінде үкім айту немесе діни шешім білдіру үшін терең білім, Құран мен сүннетке сүйену, сондай-ақ фиқһ ғылымын жетік меңгеру қажеттігі айтылды. Мамандар пәтуаның әр адамның жеке көзқарасына емес, шариғат негіздеріне сүйеніп шығарылатынын атап өтті. Түсіндіру барысында қазіргі уақытта әлеуметтік желі мен ғаламтордан алынған әртүрлі діни мәліметтерге бірден сене бермеу қажеттігі ескертілді. Әсіресе, діни сұрақтар туындағанда оны тек білікті мамандардан, ресми діни мекемелерден және имамдардан сұрау керектігі жеткізілді.
Сондай-ақ шарада дін мәселесінде асығыстыққа, үстірт пікірге және дәлелсіз тұжырым жасауға болмайтыны айтылып, пәтуа беру ісі тек арнайы дайындығы бар, діни білімі терең мамандардың міндеті екені түсіндірілді. Жиын соңында қатысушыларға бірлік пен тұрақтылықты сақтау, діни мәселеде сақтық таныту, күмәнді ақпараттардан аулақ болу жөнінде насихат айтылды.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі



29 Сәуір 2026
12 Зуль-каада 1447

