Қасиетті Рамазан айының рухани атмосферасын насихаттау және салауатты өмір салтын дәріптеу мақсатында «Ар-Раззақ» мешітінде ұлттық спорт ойындарынан жарыс ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға мешіт жамағаты мен ауыл жастары белсене қатысып, өзара бақ сынасты.
Жарыс барысында қатысушылар қазақтың дәстүрлі спорт түрлері – гір көтеру, арқан тарту, қошқар көтеру және қол күрестен күш сынасты. Әрбір ойын ерекше тартысқа толы өтіп, жамағаттың ептілігі мен қайсарлығы, күш-жігері анық байқалды. Әсіресе арқан тарту мен қошқар көтеру сайыстары көрермендердің қызығушылығын арттырып, ерекше әсер сыйлады.
Іс-шараның басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды жаңғырту, жастарды спортқа баулу және бірлік пен татулықты нығайту болды. Бұл бағытта мешіт тек құлшылық орны ғана емес, сонымен қатар қоғамды ізгілікке, бірлікке және салауатты өмірге үндейтін рухани орталық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жарыс соңында үздік шыққан қатысушылар арнайы марапатталып, алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар барша жамағатқа ақ дастархан жайылып, ізгі тілектер айтылды.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі



21 Наурыз 2026
2 Шавваль 1447

