Қасиетті Рамазан айының шарықтау шегі – Қадір түні Талас ауданына қарасты барлық мешіттерде ерекше рухани атмосферада аталып өтті. Мың айдан да қайырлы бұл түнде жамағат мешіттерге жиналып, құлшылықтарын арттырып, Алладан кешірім мен береке тіледі.
Іс-шара барысында қасиетті Құран аяттары оқылып, жүректерге әсерлі уағыздар айтылды. Имамдар Құран мен хадис негізінде Қадір түнінің артықшылықтарын түсіндіріп, жамағатты ізгі амалдарға шақырды. Сонымен қатар, Алла Тағаланың көркем есімдері дәріптеліп, жамағатпен бірге дұғалар жасалды. Түнгі құлшылық барысында тарауық намаздары оқылып, қосымша нәпіл намаздар орындалды.
Жастар мен үлкендер бір сапта тұрып, ауызбіршілік пен имандылықтың үлгісін көрсетті. Бұл – аудан мешіттеріндегі рухани бірліктің айқын көрінісі болды. Қадір түнін өткізу барысында мешіт қызметкерлері жамағатқа барынша қолайлы жағдай жасап, ауызашар дастархандары ұйымдастырылды.
Келушілерге құрмет көрсетіліп, бірлік пен бауырмалдықтың мәні терең сезілді. Осындай тағылымды кештер жүректерге иман нұрын ұялатып, қоғамдағы рухани құндылықтардың арта түсуіне себеп болары сөзсіз. Алла Тағала жасалған барлық құлшылықтар мен дұғаларды қабыл етсін!



21 Наурыз 2026
2 Шавваль 1447

