ОРАЗА АЙТ: ТАРАЗДЫҚТАР АЙТ НАМАЗЫН ОҚЫДЫ

ОРАЗА АЙТ: ТАРАЗДЫҚТАР АЙТ НАМАЗЫН ОҚЫДЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қасиетті Рамазан айының аяқталуымен бірге келген ұлық мереке – Ораза айт өңірімізде айрықша сән-салтанатымен аталып өтуде. Таң сәріден бастап қала тұрғындары мешіттерге ағылып, мерекелік айт намазына жиналды. Айттың шапағаты мен берекесін сезінген жамағаттың жүзінен қуаныш пен ризашылықтың лебі аңғарылды.

Облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің алдында арнайы мерекелік дастархан жайылып, келген көпшілікке ақ дәм ұсынылды. Жамағат бір-бірімен айттап көрісіп, ізгі тілектерін арнады. Бұл көрініс – ел ішіндегі бірлік пен бауырмалдықтың айқын көрінісі болды.

ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы жиналған жұртшылыққа жүрекжарды құттықтауын жеткізіп, Ораза айттың рухани маңызына тоқталды. Ол өз сөзінде бұл күннің татулық пен кешірімнің, мейірім мен ізгіліктің мерекесі екенін атап өтіп, барша жұртты бірлікке, қайырымдылыққа үндеді. Айт құтпасы айтылып, жамағат бір сапта тұрып айт намазын оқыды.

Намаздан кейін мешіттің екінші қабатынан түрлі-түсті шарлар шашылып, көпшілікке ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады. Балалардың шат күлкісі мен үлкендердің ақ батасы астасқан сәт мерекенің ажарын аша түсті.

Сондай-ақ, намаздан шыққан қарияларға арнайы айт дастарханы жайылып, ақсақалдарға құрмет көрсетілді. Ел ағалары игі тілектерін айтып, ақ батасын берді. Осылайша, айт дәстүрі мешіттен бастау алып, әр шаңыраққа жылылық пен береке дарытты.

Ұлық мерекеде жасалған әрбір игі амал – қоғамдағы ынтымақ пен рухани құндылықтардың нығая түскенінің белгісі. Ораза айт – тек қуаныш мерекесі ғана емес, жүректерді жақындастырып, ұлттық болмыс пен ізгі дәстүрлерді жаңғыртатын ерекше күн.

«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: