Қасиетті Рамазан айының құрметіне орай Жамбыл облысы, Талас ауданы, Аққұм ауылында тағылымы мол рухани іс-шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Момбекұлы Тұңғатар және Тұңғатарұлы Төлебай аталарды еске алуға арналған Құран Кәрімді жатқа оқу және Алла тағаланың 99 көркем есімін мәнерлеп айту сайысы жоғары деңгейде өтті.
Тағылымды жарыс Талас ауданы, Аққұм ауылындағы «Тұңғатар ата» мешітінде өтті. Өңірдің әр аймағынан келген талапкерлер бақ сынап, Құранға деген сүйіспеншіліктерін көрсетті. Іс-шараға ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы арнайы қатысып, жас қариларға ақ батасын беріп, сәттілік тіледі. Сонымен қатар, қазылар алқасының құрамында «Һибатулла Тарази» қайырымдылық мекемесінің директоры Аманкелді Бірлік қари пен Талас ауданының бас имамы Жалғасбай Дүйсенбайұлы болып, қатысушылардың білімін, тәжуидін және дауыс мәнерін әділ бағалады.
Жеңімпаздар мен марапаттар Сайыс нәтижесінде Құран Кәрімнің 2 және 5 парасы бойынша үздік шыққан қарилар анықталып, лайықты марапаттарға ие болды. Құран Кәрімнің 5 парасы бойынша: Бас жүлде (Ұмра қажылығына жолдама): Манат Абдулла («Һибатулла Тарази» мекемесі); 1-орын: Бахыт Қасым Бекзатұлы (Талас ауданы); 2-орын: Ахмет Нұржанұлы (Т. Рысқұлов ауданы); 3-орын: Қалаш Ерман (Жамбыл ауданы). Құран Кәрімнің 2 парасы бойынша: Бас жүлде (Ұмра қажылығына жолдама): Еркінбек Мұхаммед қари (Тараз қаласы); 1-орын: Арса Ұсман қари (Сарысу ауданы); 2-орын: Серік Әли (Мойынқұм ауданы); 3-орын: Мырзагелді Нұрислам («Һибатулла Тарази» мекемесі).
Алла тағаланың 99 көркем есімін жатқа айту сайысы: Бұл бағытта Аққұм ауылындағы «Тұңғатар ата» мешітінің шәкірттері жоғары деңгей көрсетіп: 1-орын: Амангелді Димаш 2-орын: Итемген Нұрәли 3-орын: Марк Кәусар атанды. Жарыс соңында «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының» Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Бақытжан Арқабекұлы өңірдегі рухани дамуға қосқан үлесі үшін облыс бас имамы Асқар қажы Зәкіржанұлына «Әр қазақ — жалғызым» төсбелгісін табыстады.
Ақсақалдардың батасымен қорытындыланған бұл игі шара жас ұрпақтың жүрегіне имандылық нұрын сеуіп, Құран Кәрімге деген сүйіспеншілігін арттыра түсті. Алла тағала барша қатысушылардың еңбегін қабыл етіп, қадамдарын қайырлы етсін.
Тала ауданыдық "Қаратау Қажы би" мешітінің баспасөз қызметі.



20 Наурыз 2026
1 Шавваль 1447

