ИМАМДАРДЫҢ ҚОҒАМДАҒЫ РӨЛІ ҚАҢДАЙ?

ИМАМДАРДЫҢ ҚОҒАМДАҒЫ РӨЛІ ҚАҢДАЙ?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Барша мұсылман жұртшылығы асыға күтетін Рамазан айы биыл 19 ақпанда басталды. Наурыз айының он тоғызыншы жұлдызында аяқталатын қасиетті отыз күндікте имамдардың қоғамдағы рөлі айрықша маңызға ие болады. Осы орайда жуырда біз осы салада ұзақ уақыт қалтқысыз еңбек етіп келе жатқан имам Қанат Тұмарбекұлымен жолығып, көптің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап алуға тырыстық.

Қанат Тұмарбекұлы 1996 жылдан бері Байзақ ауданына қарасты Бурыл ауылындағы «Шолпан Дәуіт» мешітінің имамы. Өзінің қызметінен бөлек, ол диқаншылықпен де айналысады.

Кейіпкеріміздің айтуынша, имамдық тек жаназа шығарып, Құран оқумен шектелмейді. Имам қоғам өміріне белсене араласуы керек екен.

– «Ақын болу мақсат емес, адам болу – парыз, молда болу парыз емес, мұсылман болу – парыз» деген сияқты, имам қоғамда бағдаршамға айналғаны жөн. Бүгінгі таңда имамдарға қойылатын талап жоғары. Имам «кісі өлгенде немесе түс көргенде» ғана емес, қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүруі керек. Мәселен, көктем шыққанда тал-дарақ егуді ұйымдастыруы қажет. Ауылдың ішкі тәртібін қалыптастыруы да маңызды. Сондықтан да имамның жамағатқа сөзі өтуі үшін, ең алдымен, өзі сауатты болуы тиіс. Іскер, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, сөзге шешен адам басқалардан ерекшеленіп тұрады. Бір сөзбен айтқанда, имам бесаспап болуы шарт. Жұма намазын өткізуге мінберге шыққанда елді елітіп, жамағатты иманға ұйыту, білім нәрімен сусындату, уағызды ақиқаттан алшақтамай айту – азаматтықтың белгісі. «Анау – арам, мынау тозаққа жетелейді» деп елді қорқытып-үркітпей, әр нәрсені даналықпен, парасаттылықпен түсіндіре білсек, аталы сөзді араағайындыққа жаратсақ, қазақ сөзге тоқтайды, жақсының артынан ереді. Құдай қаласа, қазақ елінің болашағы алда, қоғамның түзелуінде, жақсы жаққа өзгеруінде имамдардың да қосар үлесі зор деп білемін, – дейді Қ.Тұмарбекұлы.

Салауатты өмір салтын насихаттауда Қанат Тұмарбекұлы көпке сөзбен емес, іспен үлгі көрсетіп жүр. Ауылдағы спорт кешенінде жастармен бірге аптасына екі рет волейбол, жаз айларында футбол ойнайды. Имамның айтуынша, спорт жастарды жат әдеттерден сақтайды.

Қоғам – адам өмірінің айнасы. Ендеше, қай салада қызмет етсек те айналамыздағы жайттарға бейжай қарамауымыз қажет. Қолымыздан келгенше ізгіліктің дәнін сеуіп, өзіміз үшін де, өзгелер үшін де барынша пайдалы іс тындырсақ, ең абзалы сол болмақ.

 Қанат ӘДІЛХАНҰЛЫ

Байзақ ауданының бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: